You are here

Татарстан Президенті Қостанайда қонақта

13.07.2017, 17:13   43

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қостанай жерінде 20 жыл бойы өткізіліп келе жатқан Сабантой бірінші рет республикалық мәртебеде өтті. Қостанайдың қалыптасуына татар этносы өкілдерінің белгілі рөлі болды. 19-ғасырдың соңында бірінші қоныс аударып келген татарлар Татар-Шакиров, кейін Нариманов атанған ауыл құрып, қаланың құрылысы кезінде орныққан. Облыс орталығының тарихында жарқын із қалдырған көпес Яушевтер біздің өңірде ғана емес, сондай-ақ көршілес Ресей облыстарына танымал болды.  Олар жас қаланың экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Меценат болып, 1893 жылдан 2016 жылдың қыркүйек айына дейін  облыстық мешіт қызметін атқарып келген Ақ-мешітті салды. Сондай-ақ Яушев ағайындыларының сауда дүкені қостанайлықтардың естерінде қалған. Қазіргі уақытта осы көрікті сәулетті ғимаратта 17 этномәдени бірлестіктің өкілдерін біріктіріп отырған облыстық Достық үйі және облыстық тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан. 

Бүгінгі күні өңірде 16 мың татар және 4 мыңға жуық башқұрт тұрып жатыр.  1995 жылы Мухсинова Закия Гарифовнаның бастамасымен облыстық  «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі құрылды. 2014 жылдан қауымды басқарып келген Бектемиров Ринад Вальтаевич «Сабантой - бұл тек сабан тойы емес, бұл бейбітшілік, достық және жақсылық мерекесі», - деп атап өтті.

Сабантой мерекесі аясында Татарстан Президенті Рустам Минниханов Қостанайда Қазақстанның және Ресей Федерациясының жұртшылығымен, татар этномәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесті.

- Әдет-ғұрыпты, мәдени құндылықтарды, тілді сақтау оңай емес, осындай мәселелер өз республикамызда да болып тұрады, - деді Р. Минниханов өз сөзінде. – Сондықтан Қазақстанда жасап жатқандарыңыз ерекше ризашылық пен құрметке ие! Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында көп ұлтты қауым бірлікте, келісімде өмір сүріп,  өзіндік ерекшеліктерін сақтауға барлық жағдай жасалғаны қуантады.

Кездесу соңында облыс әкімі Рустам Миннихановқа шапан сыйлады. Содан кейін өкілдік топ  «СарыаркаАвтоПром» өндірістік алаңына экскурсияға аттанды. Ол жерде автожарыс бойынша РФ еңбек сіңірген спорт шебері болып табылатын Татарстан басшысына электромобиль сый ға тартылды.  Осы жерден қонақтар жақында ашылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы саябағына келді. Сабантойдың басты жұлдыздары Татарстаннан келген «Ямьле» вокалдық-аспаптық тобы және «Агидель» ән-би мемлекеттік ансамблі болды. Облыстың тұрғындары мен қонақтары әртістердің орындауындағы әндері мен билерін тамашалап қана қоймай, өз көздерімен Ақтаныш ауданынан әкелінген татарлардың этноауласын көруге мүмкіндігі болды. Сонымен қатар Татарстаннан келген қонақтар үшін киіз үй қалашығы есігін ашып, қазақтардың ұлттық салттарын, музыка мен  ас үйін көрсетті.    

Осы күнгі іс-шаралардың шыңы белбеу күресі бойынша Қазақстан Республикасының Абсолюттік чемпионаты  - куряш болды, күреске Қазақстанның палуандары ғана емес, сондай-ақ Татарстаннан келген қонақтар қатысты. Бірақ жарыстың басты сыйлығы   - «Лада-Гранта» автомобилін қостанайлық Ержан Қабидуллов жеңіп алды.  Жаңа көліктің кілтін оған өз атынан Рустам Минниханов табыс етті.

Сондай-ақ қостанайлықтар мен қала қонақтары үшін дәстүрлі татар жарыстарының спорт алаңы жұмыс істеді.  Қатысушыларға көздерін жұмып құмыра сындыру, айрандағы тиынды табу, иінағашты асынып жүгіру және жұмыртқа салынған қасықты  ауызд ұстап жүгіру ұсынылды.   Үлкендер мен балалар қызықты ойындарға қатысып, сыйлықтарға ие болды. Қайратты жігіттер бағанға өрмелеп, жоғарыда ілінген сыйлықтарды шешіп алды.

Татарстан мен Қазақстан арасындағы мәдени және экономикалық байланыс бұрыннан жалғасып келеді. Осы Сабантой біздің тату көршілік қатынасты одан әрі нығайтты. Қазақ халқы өзінің ұлттық бірегейлігін сақтай отыра, өзге этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік берді, - деп атап өтті Дүниежүзілік татарлар конгресі атқару комитетінің төрағасы Ринат Закиров.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 02 96

          + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15