Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысының өкілдерінің ұсыныстары

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Өңірлік  «Еңбек даңқы»  кітабы шығарылсын,  төсбелгісі бекітілсін, 1 қыркүйекте барлық жерде «Қазақстанның болашағына 100 қадам» тақырыптық сабақтар өткізілсін -  Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысының өкілдері осындай ұсыныстар жасады. 

Бұл ұсыныстар ҚХА-ның кезекті 23-ші облыстық сессиясында жария етіліп, оны өңір басшысы  Нұралы Сәдуақасов қолдады. 

Іс-шараға Астанадан ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты  Зухра Саяпова келіп, қатысты. Сессияға ҚХА мүшелерінің барлығы, ғылыми-сарапшылық  топ мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, БАҚ қатысты. 

- Ассамблеяның басты  миссиясы мен міндеті  – халықты біріктіру – толығымен орындалды. Бүгін біз   5 институционалдық  реформа мен 100 нақты қадамды іске асыруға кірістік. Бұл міндеттерді шешуге 17 млн қазақстандықтардың барлығы атсалысады деп ойлаймын, - деп атап көрсетті өз сөзінде Зухра Саяпова. - Қазақстан рухани даму және этносаралық келісім жолын таңдады. Біздің еліміздің тарихы – бұл бірлесіп, барлық қиындықтарды өзінің бірлігімен және бауырластығымен жеңген халықтың тарихы!

Қостанай облысы әкімінің орынбасары  Мұрат Дәрібаев бүгінде өңірде   18 облыстық және 60 аудандық/қалалық этномәдени бірлестіктердің жұмыс істеп жатқанын атап көрсетті.
- Этномәдени бірлестіктер облысты жаңғырту және әлеуметтік-мәдени дамытуға белсене қатысады және Достық үйлерін, мектептерді жөндеуге, мешіттер мен шіркеулер салуға демеушілік көрсетеді, елді мекендерді абаттандыруға қатысады.  Барлық этностардың өкілдерінің есімдері мәдениетте, спортта, денсаулық сақтауда, білім беру мен ғылымда бірдей аталады, - деп атап көрсетті Дәрібаев. – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында өңірде «ҚХА – 20 ізгі іс»  республикалық эстафетасы бастау алды. Оның барысында облыстағы этномәдени бірлестіктер мен бизнесмендер халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына 29,2 млн теңгеге көмек көрсетті.   Мысалы, немістің «Возрождение» ЭМБ  1400 адамға 2 млн теңгеге қайырымдылық түскі ас берді.   Армяндардың «Эребуни» ЭМБ бірнеше жыл қатарынан Федоров ауданындағы және  Рудныйдағы балалар үйлерін қамқорлығына алған. Әзербайжандық  «Бирлик» ЭМБ мүгедек ана жалғыз өзі үш баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған отбасына қамқорлық жасайды. Өткен жылы облыс педагогтарының бастамасымен Қостанай ауданындағы түрлі ұлт өкілдерінен шыққан сегіз баланы асырап алып отырған көп балалы Төлегеновтер отбасына үй салу үшін   5 млн теңге жиналған болатын.  Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімшесі бұл эстафетаны қолдап, игі іске тағы  5 млн теңге қосты.

Бұлармен бірге өңірде ОҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ, қоғамдық келісім кеңестері, ақсақалдар кеңесі белсенді жұмыс істеуде.  Айтқандай, Отбасындағы толеранттылық мәселелері жөніндегі аналар кеңесінің төрайымы Лилия Саркисяннан жаңа оқу жылын облыстың барлық мектептерінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен  «Қазақстанның болашағына 100 қадам» тақырыбына сабақтар өткізіп бастау туралы ұсыныс келіп түсті.  «ССКББ» АҚ кадрлар бөлімінің басшысы Дмитрий Гусак өңірде өндіріс озаттарына жыл қорытындысы бойынша тапсырылатын төсбелгіні бекіту туралы ұсыныс айтты. Бұл  идеяны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы   Кенжебек Укин қолдап, «Еңбек даңқы» кітабын шығаруды ұсынды. 

- Бұл кітап өз ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізіп, елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген адамдардан өскелең ұрпақ үлгі алып өсуі үшін әрбір кітапханада, мектепте, жоғары оқу орнында үстел үстінде жататын кітапқа айналар еді, - деп мәселеге баса назар аударды  Кенжебек Үкіұлы.

Жастардың «Тілдарын» ақпараттық-насихат тобының төрайымы Наталья Шпагинаның сөзі жұртшылықтың көңілін аударған сөздердің бірі болды.  Ол қазақ тілін өте жақсы меңгерген, облыстық және республикалық конкурстар мен  олимпиадалардың жүлдегері. 

- Біз, жастар – Қазақстанның болашағымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясында  Президент бізге қарата сөйлеген сөзінде үш тілді білу – бұл жаһандық өмірге берілген жолдама, бұл адамның өмірдегі табыстылығының қағидаты, - деп атап көрсетті. Бір кездері мен Елбасының тапсырмасын орындау үшін мемлекеттік тілді игерсем, енді өзімнің алдыма ағылшын тілін жетік меңгеруді №1 міндет ретінде қойып отырмын. Бұл білімдерім менің Отаныма пайда әкелетіні сөзсіз ! – деді Наталья нық сеніммен.

 Сессияның жабылуы салтанатты түрде өтті. Облыс әкімі  Нұралы Сәдуақасов облыстық ҚХА-ның үздік өкілдеріне медальдар, ҚР Президентінің  алғыс хаттары мен грамоталар тапсырды.   Сондай-ақ өзі де ҚР  Парламенті Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпованың қолынан награда алды.

«Қостанай облысы әкімдігінің Достық үйі» КММ баспасөз қызметі

 

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.