БАСПАСӨЗ АҚПАРАТЫ

Версия для печатиPDF versionEPUB version

30 қазанда сағат 15:00-де ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚХА аясында еліміздің барлық өңірлерінде құрылған Қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің қатысуымен брифинг өтті.

Брифингке ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи; Жамбыл обылысы әкімі аппараты ҚХА хатшылығының меңгерушісі Лариса Анатольевна Лысова; Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Әлікеева Гүлжахан Кәкішқызы; Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Бақытгүл Әлиқызы Оқаева; Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы Қоғамдық келісім кеңесі мүшесі Дәурен Рахымұлы Тәңірбергенов қатысып сөз сөйледі.  

Брифинг қатысушылары нақты мысалдар арқылы Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы туралы, мақсаттары мен міндеттері туралы, сондай-ақ олардың ұлттық бірлік пен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы рөлі мен маңызы жөнінде әңгімелеп берді.

ҚХА өкілдері ү.ж. 31 қазанда Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ғимаратында («көк» зал, басталуы сағ.: 10.00-де) Қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық семинары өтетінін хабарлады. Іс-шара барысында Кеңестерді әрі қарай дамыту, қоғамдық тұрақтылықты нығайту, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіру мәселелері талқыланып, өңірлер арасында тәжірибе алмасу мен таныстырылымдар өтеді, әлеуметтік зерттеулер және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл нәтижелері қаралатын болады.

Қоғамдық келісім кеңестері 2013 жылы еліміздің барлық өңірлерінде «Қазақстан-2050» стратегиясы»: бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясындағы  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылды.

Кеңестер ел Президенті айқындап берген жалпыхалықтық, ішкі саяси мүдделерден биік және жалпыхалықтық қоғамдық келісім институты ретіндегі жаңа рөліне сәйкес ҚХА аясында құрылған.

Кеңестер өңірлік әкімдіктер жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде қызмет істеуде, оның құрамына ардагерлер ұйымдарының, саяси партиялардың, қоғамдық пікір көшбасшыларының, ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері енген. 

Қоғамдық келісім кеңестерінің басты міндеті азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа да бірлестіктердің күшін қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту бағытында жұмылдыру болып табылады.

Кеңестер қызметі түрлі әлеуметтік топтарды, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қалыптастыру процесіне тартуға, олардың әлеуетін өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бұруға бағытталған.

Елімізде өңірлер ерекшеліктері ескеріле отырып облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі еңбек ұжымдарында құрылған 1035 қоғамдық келісім кеңестері қызмет етуде.

Кеңес отырыстарында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, аға ұрпақтың тәжірибесін тарату, денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын сақтау, елді мекендерді абаттандыру, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық мәселелері және т.б. талқыланады.

Өңірлердегі Қоғамдық келісім кеңестері аймақтарда этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіруге үлес қосуда, өңірлік ассамблея институтын дамытуға және нығайтуға, азаматтық қоғам институттарын қоғамдық келісімді нығайту процесіне тартуға ықпалын тигізуде.